Алматы облысында әлеуметтік тұрғын үйге бөлінген 101 млн теңге жымқырылған
Алматы облысында әлеуметтік осал азаматтарға тұрғын үй сатып алуға бөлінген 101,4 млн теңгені жымқырған үш адам сотталды. Сот оларды 7-8 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды «24KZ» облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Іс Райымбек ауданында жүргізілген тексеру барысында анықталған. Прокуратура 2019-2024 жылдары әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға тұрғын үй сатып алуға бөлінген мемлекеттік қаражаттың жұмсалуын тексерген.
Осы кезеңде жалпы құны 596 млн теңгеден асатын 55 үй сатып алуға мемлекеттік сатып алулар жүргізілген.
Талдау нәтижесінде тұрғын үйлердің құны негізсіз көтерілгені анықталды. Кейін бюджеттен бөлінген қаражаттың бір бөлігі қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген.
Тергеу барысында мемлекетке 101,4 млн теңге көлемінде залал келгені анықталды.
2026 жылғы 5 тамызда сот үш адамды ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы бойынша кінәлі деп таныды. Оларға 7-8 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз