Полицейлер зейнеткердің 7 млн теңгесін алаяқтардан сақтап қалды

POLISIA.KZ

Ұлытау облысында алаяқтардың арбауына түскен қала тұрғыны жинаған 7 миллион теңгесін «қауіпсіз шотқа» аударуға шақ қалды. Банк қызметкерлері мен полицияның жедел әрекетінің арқасында зейнеткердің қаржысы сақталып қалды, деп хабарлайды «24KZ».

Оқиға бейтаныс адамдардың үйдің домофонын ауыстыруды ұсынып қоңырау шалуынан басталған. Кейін алаяқтар өздерін түрлі ұйымдардың өкілдері ретінде таныстырып, күрделі схема арқылы әйелдің сеніміне кірген. Олар жәбірленушіге «қылмыскерлерді әшкерелеуге көмектесіп жатқанын» айтып, жиған-терген қаржысын «қауіпсіз шотқа» аударса, орнына мемлекеттен ақша түсетініне сендірген.

Алаяқтардың сөзіне сенген зейнеткер банк бөлімшесіне барып, ақша ауыстырмақ болған. Алайда банк қызметкерлері бұл әрекеттегі күдікті жайтты дер кезінде байқап, полицияға шұғыл хабар берген. Тәртіп сақшылары мен банк мамандарының бірлескен жұмысының арқасында алаяқтықтың жолы кесілді. Зейнеткер кейін де алаяқтардың тарапынан қоңыраулар мен қорқытулар жалғасқанын жеткізді.

Полиция өкілдері тұрғындарды бейтаныс адамдардың «ақшаны қауіпсіз шотқа аударыңыз» деген талаптарын орындамауға, ешқашан жеке мәліметтер мен SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеуге шақырады. Егер күмәнді қоңыраулар түссе, дереу туыстарына, банкке немесе 102 нөміріне хабарласу қажет.

Сондай-ақ оқыңыз: