Астанада көлігі бұзылып тоқтаған жүргізушіні басқа көлік қағып кетті
Астана қаласында көлігі бұзылып, жол жиегіне тоқтаған жүргізушіні басқа көлік қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан азамат оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды «24KZ».
Қайғылы жағдай 5 қазаннан 6 қазанға қараған түні болды. Полиция департаментінің мәліметінше, Рақымжан Қошқарбаев пен Орхон көшелерінің қиылысында Volkswagen Passat көлігінің жүргізушісі техникалық ақауға байланысты тоқтаған. Ол көліктің жүк салғышының жанында тұрған сәтте оны Hyundai Tucson көлігі қағып кеткен.
Алған жарақаттарының салдарынан жүргізуші қаза тапты.
Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады. Кінәлі делінген Hyundai Tucson автокөлігі арнайы коммуналдық тұраққа қойылды. Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар мен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.