Ақтауда ойын алаңын өртеген балалардың ата-аналарынан 5 млн теңге өтемақы талап етілмек
Ақтау қаласындағы тұрғын үй аулаларының бірінде орналасқан балалар ойын алаңы өртеніп кетті. Жауапты құрылыс компания бұл іске кәмелетке толмағандардың қатысы бар екенін айтып, ата-аналардан өтемақы талап етпек, деп хабарлайды «24KZ». Компания дерегінше, бүкіл ойын алаңының құны 10,8 миллион теңгені құраса, орын алған өрттен келген шығын көлемі 4 миллион 890 мың теңгеге бағаланып отыр.
Төтенше жағдай 11 қазан күні Ақтау қаласының шағынаудандарының біріндегі көпқабатты үйдің ауласында орын алды. Алдын ала мәлімет бойынша, екі кішкентай қыз бала ойын алаңында қалған матрасты өртеп жіберген. Салдарынан от аумаққа лезде тарап, балаларға арналған ойын кешені, әткеншектер және арнайы резеңке төсеніш жанып кеткен.
Құрылыс компаниясының өкілдері ойын алаңының төсеніші оңай жанбайтын материалдан жасалғанын атап өтті. Мамандардың пайымынша, өрттің бұлайша жылдам өршуіне сырттай қосымша заттар, атап айтқанда тез жанатын сұйықтықтар себеп болуы мүмкін.
Алғашында өрт сөндірушілер екі шаршы метр аумақта қоқыс жанғанын хабарлаған болатын. Алайда кейіннен жүргізілген тексеріс жұмыстарының нәтижесінде оқиғаға екі баланың қатысы бары анықталды. Зардап шеккендер жоқ.
Жауапты құрылыс компаниясы бұған дейін де нысанның тұрғындар тарапынан жиі бұзақылыққа ұшырайтынын жасырмады.
Біз бұны халықтың игілігі үшін салайық деп едік, өкінішке қарай, мүліктер жиі бүлінеді. Оқиғаға қатысты құқық қорғау органдарына заңды түрде арыз түсіріп, кінәлі балалардың ата-аналарынан келтірілген шығынды өндіріп алуды талап етеміз, – деп мәлімдеді компания өкілдері.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.