Рэпер Navai Қазақстан шекарасында есірткімен ұсталып, екі айға қамауға алынды

жеке мұрағатынан

Navai лақап атымен танылған ресейлік рэпер (Наваи Бакиров) есірткі контрабандасы бойынша күдікпен екі айға қамауға алынды. Тиісті қаулыны Жамбыл облысының Қордай аудандық соты шығарды, деп хабарлайды «24KZ».

Оқиға 13 қазанда Қазақстан шекарасындағы Жамбыл облысының «Қордай» өткізу бекетінде орын алды. Ресейлік орындаушы Наваи Бакиров есірткі контрабандасына күдікті ретінде ұсталды. Тінту кезінде оның автокөлігінен 2,5 грамм марихуана табылды.

Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, орындаушы мемлекеттік шекарада арнайы операция кезінде қолға түскен.

13 қазанда "Қордай" шекара пунктінде Қазақстанға кіре берісте полиция қызметкерлері ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, сахналық лақап аты Navai ретінде шетелдік азаматты ұстады, – деп хабарлады Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, әнші бұған дейін Қырғызстан астанасы Бішкекте концерт беріп қайтқан болатын. Артынша ол қазақстандық тыңдармандарымен қауышу үшін Астанаға бет алған еді. Елордадағы концерт 14 қазанға жоспарланған болатын. Алайда билет сату операторы шараның басталуына небәрі төрт сағат қалғанда оның «техникалық себептерге байланысты» кейінге шегерілгенін немесе болмайтынын хабарлады. 

Қырғызстандық 24kg басылымының хабарлауынша, Қырғызстанның Шекара қызметі рэпердің қазақ-қырғыз шекарасындағы "Ақ-жол" өткізу пунктінен есірткі заттарымен қалай өткенін анықтау үшін қызметтік тексеріс бастаған. Ведомство қызметкерлер тарапынан заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, кінәлілер қатаң жауапқа тартылатынын жеткізді.

Тексеру нәтижесі бойынша заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті шаралар қолданылады, – деп хабарлады Қырғызстанның Шекара қызметі.

Қазіргі уақытта Қордай аудандық сотының қаулысымен күдікті Наваи Бакиров екі ай мерзімге қамауға алынды. Құқық қорғау органдары істің мән-жайын жан-жақты тексеріп жатыр.

Бұл ретте ресейлік рэпердің директоры Рауф Гусанов әртістің ұсталуына қатысты пікір білдіруден бас тартты. 

Сондай-ақ оқыңыз: