Жаңатастағы оқиға: бес бүлдіршін жер қойнына тапсырылды

Жаңатастағы көп қабатты үйдегі өрт балалар бөлмесінде тұтанған.

Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар депараментінің бастығы брифинг кезінде мәлімдеді. Ал түтінге тұншыққан бүлдіршіндердің төртеуін анасы іштен өз қолымен алып шыққан. Оқиғаның мән-жайын куәгерлер айтып берді. Қазір оқиға орнында сарапшы мамандар әлі де жұмыс істеп жатыр. Үйдің кіре берісін полиция күзетіп тұр.

Алтынкүл Жамалбекова, Жаңатас қаласының тұрғыны:

- Құтымен су және сүлгі беріңіз деді. Мен аштым. Бердім. Бірақ айқайлаған жоқ. Айқайласа бәріміз шығар едік қой. Ашсам мына жердің барлығы түтін. Шыға алмайсың. Сосын құрбысы кірейін десе, өзі кіріп екі баласын алып шықты. Болды. Басқа ештеңе білмеймін.

Қайғылы оқиғаның мән-жайын өрт болған үйдің тұрғындары айтып берді. Төменгі қабатта тұратындар кеш естідік деп отыр. Өртті сыртта жүрген адамдар байқап хабар берген. Өрт сөндірушілер келгенше пәтерден бес баланың төртеуін анасы өз қолымен алып шыққан. Оларды жедел жәрдем келгенше көршілерінің көлігімен ауруханаға алып кеткен. Өкінішке орай сәбилер аурухана жетпей көз жұмды. 

Садық Егембердиев, Жаңатас қаласының тұрғыны:

- Полға дейін түтін. Кірдім де қайтып шығып кеттім. Жылыту пешін қоймаған. Себебі біз кеше криминалистермен кіріп көрдік қой. Жедел жәрдем кейін келді.

Өрт болған пәтер балалардың нағашы апасының үйі екендігі белгілі болды. Ал бұл отбасы көпбалалы ретінде пәтер кезегінде тұр.

Ораз Исмаилов, Жаңатас қаласының тұрғыны:

- Бірінші сыныпқа енді барған бала ғой. Қалғандарының ортасы бір жастан. Осында бәрі тізіліп жүретін анасының артынан. Жас отбасы ғой. Олар анасының орнына көшіп келді ме, бірдеңе қылды. Бұрын әке-шешесінің пәтерінде тұрған.

Зардап шеккен отбасыға қажеттіліктеріне қарай жәрдем көрсетіледі. Жергілікті әкімдік өкілдері алдағы уақытта өрт болған үйді жөндеп қалыпқа келтіріп береміз деп отыр. Қара жамылған әулет бүгін бес баланы жер қойнына тапсырды. Жерлеу рәсімі Талас ауданы Үшарал ауылында өтті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы барып Мемлекет басшысы және өзінің атынан туған-туыстарына көңіл айтты.

Ұлан Жазылбек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда қайғы болған отбасына түрлі көмек көрсетіліп жатыр. Ақшалай да, психологтар да тартылды. Жерлеуге байланысты іс-шаралар жұмыстары атқарылып жатыр.

Әзірге өрттің неден шыққанын мамандар дөп басып айта алмай отыр.

Ермек Момбаев, Жамбыл облыстық ТЖД бастығы:

- Пәтердің жалпы көлемі 40 шаршы метр пәтер болған. Соның балалар бөлмесінде өрт басталған. Өрттің қызу себебінен тез жанатын құрылғыларға әсері тиген.

Қазір арнайы сараптама тағайындалған. Жұмыс қорытындысы қосымша хабарланады.

Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә