ШҚО-да қар құрсауында қалғандарға көмек көрсетілді

Шығыс Қазақстан облысында соңғы екі тәулік ішінде 164 адам жолда қалып қойған.

Өткен сенбіден төтенше жағдайлар мамандары тоқтаусыз жұмыс істеді. Тұрғындар күн райының қолайсыздығы туралы хабарламаны алдын ала білген. Бірақ діттеген жерлеріне жетіп алуға тырысқан. Тарбағатай, Көкпекті, Күршім, Қатонқарағай мен Алтай аудандарына баратын жол бойында тұрып қалған көлік көп. Бұл маңнан 63 көлік шығарылды.

Жадыра Аманғалиқызы, облыстық ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы:

- Жүргізушілердің көліктерінде қажетті алғашқы заттар болмай жатады, ол жаңағы арқан, көлік қыздыратын лампа, тіпті қарға батқанда күреп алатын күрек те болмай жатқанына куә болып жүрміз, мысалы, соңғы екі күнде 164 адам құтқарылса, қар құрсауынан оның тоғызы бала. Полиция бекеттерін айналып өтіп, өз өмірлерін қауіпке тігіп жатқан жағдайлар да бар.