Семейлік полиция сержанты көпірден секірмек болған жас жігітті құтқарып қалды

Оқиға кеше кешкі сегіз жарымда болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тәртіп сақшысы демалыс күні ескі көпірден өтіп бара жатқанында темір құрылғының үстіне шығып алған азаматты байқаған. Секіруге оқталған жас жігітті алдымен әңгімеге алдандырып, кейін бірден аяғынан шап беріп төменге алып түседі. Оған көпір үстінде өтіп бара жатқан өзге де адамдар көмекке келген.

Мақсат Ақылтаев, ПБ тылмен қамтамасыз ету бөлімінің жүргізушісі:

– Қасына барсам, жақындама деді. Ондайда шошытып алмау керек. Біраз әңгімеге алдандырып, жылдам аяғынан шап бердім. Содан темір арқылы жетіп алдым. Бірақ темірден жібермей тұр, одан жұлқып, астыға тартқанда бір көлік тоқтады. Сол кісі келіп көмектесті. Ерлік деп санамаймын, біздің міндетіміз, менің орнымда кім болса да осылай істейтін еді. Бірақ адамдар байқамайтын еді, маған күдікті болып көрінгенге тоқтадым, 1-2 минут уақыт алмайды.