Петропавлда 80-нен асқан тыл еңбеккері алаяққа алданып, баспанасыз қалды

Петропавлда 80-нен асқан тыл еңбеккері баспанасыз қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалғыз басты кейуананың екі бөлмелі пәтерін әлеуметтік қызметкер мұрагерлік құжат рәсімдеп, өз атына аударып алған. Ал зейнеткер алданып қалдым деп, сан соғып отыр.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Сексеннің сеңгіріне шыққан тыл ардагері Людмила Носик 2015 жылдан бері жалғыз тұрады. Сондықтан оған әлеуметтік қызметкер қарайласады. Биыл сондай көмекшілердің бірі әжейдің сеніміне кіріп, екі бөлмелі пәтерін өз атына аударып алған.

Людмила Носик, тыл еңбеккері:

- 50 жылдай тұрдым өз үйімде. Енді қартайғанда айырылып отырмын. Маған бұл құжаттарда не жазылып тұрғанын ешкім айтып-түсіндірген жоқ. Алданып қалдым.

Сорақысы сол, күтуші баспананы рәсімдеп алған соң тыл ардагерін қарттар үйіне өткізген.

Наталья Середа, немересі:

- Әжемізді қарттар үйінің «Инстаграмм» парақшасындағы суреттерден көріп қалдық. Мен өзім Омбы қаласында тұрамын. Пандемияға байланысты соңғы жылдары Қазақстанға келе алмадым. Пысықай үйден бөлек әжеміздің есепшотынан жинаған қаржысын да шешіп алған.

Мән-жайды анықтау үшін немересі әлеуметтік қызметкерге телефон арқылы хабарласты.

Туындаған мәселенің ақ-қарасын ведомство өкілдері де түсіндіріп бере алмады.

Ия, басшылықтан тұщымды жауап ала алмадық. .Бірақ журналистерге сұхбат беру үшін қала әкімінің орынбасары жұмыспен қамту бөліміне арнайы келді.

Асқар Хабибулин, қала әкімінің орынбасары:

- Жәбірленушінің туыстары құқық қорғау органдарына арыз түсірді. Біліп, хабардар болып отырмыз. Алаяқтық фактісі бар ма, жоқ па? Оны алдағы уақытта құзырлы орган анықтайды. Қазір бұл іске қатысы бар деген азаматша жұмысын жалғастырып жатыр. Тергеп-тексеру бітпей біз оны жұмыстан қуаып жібере алмаймыз.

Жалпы қазіргі таңда облыс орталығында жалғызбасты 500-ге жуық қария бар. Оларға 78 әлеуметтік қызметкер қарайласады.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов