БҚО-да мұнайгаз компаниясының тамақтан уланған қызметкерлерінің өміріне қауіп жоқ

БҚО-да мұнайгаз компаниясының тамақтан уланған қызметкерлерінің өміріне қауіп жоқ

Жағдайлары жақсарып келеді. Бұл туралы Бөрлі ауданының басшылығы хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, астан жаппай уланған 9 адам аудандық ауруханаға түскен еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларға өткір гастроэнтероколит диагнозы қойылды. Жұмысшылар жұқпалы аурулар бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Облыстық санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының айтуынша, олардың астан ұшынуына сапасыз азық-түлік себеп болуы мүмкін. Немесе тамақ сақтау мен дайындау кезінде санитарлық талаптар сақталмаған. Бұл өңірде былтырдан бері астан жаппай уланудың алғашқы дерегі. 

Әдемі Хасанова, облыстық СЭБ департаментінің қоғаммен байланыс жөніндегі маманы:

- Облыстық санитариялық эпид бақылау басқармасы мамандары тексерген кезде компанияның 7 қызметкері 10 мамыр күні Қарашығанақ газ конденсаты кешенінде орналасқан асханалардың бірінен кешкі тамақ ішкені белгілі болды. Екі қызметкер тамақты өздерімен бірге үйге алып кеткен. Соның салдарынан отбасында тағы 2 адам уланған. Жоспардан тыс тексеру басталды. Зертханалық зерттеулер жүргізілуде.

Мержан Сатқанов, Бөрлі ауданының әкімі:

- Бүгінгі таңда зардап шегушілердің өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау бөлімі мамандары тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. соның қорытындысы шыққан кезде нақты тұжырым жасайтын боламыз.