Семейде аса ірі көлемде есірткі сатқан адам ұсталды

Семейде аса ірі көлемде есірткі затын сақтап, тасымалдаған тұрғын ұсталды.

«Қарасора-2021» жедел алдын алу шарасы кезінде салмағы 946 грамм гашиш сақтаған азамат анықталған.

Қалалық полиция басқармасының мәліметінше, оның үйінен 16,72 грамм есірткі заты табылған. Күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 296-бабы, 4-бөлімі бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Атырауда велосипедке мініп қашпақшы болған есірткі тасымалдаушы ұсталды

Атыраулық полицейлер велосипедке мініп қашпақшы болған есірткі тасымалдаушыны ұстады. 33 жастағы қала тұрғыны тәртіп сақшыларынан қос дөңгелекті көлікпен сытылып кетпекші болған. Патрульдік машина жолына кесе-көлденең тұрып, әрең тоқтатқан.  Тексеру кезінде күдіктінің қолындағы сөмкеден полиэтилен дорбаларға түйілген 40 дана есірткі заты табылды. Полицейлердің пайымынша, есірткі бағасы 1 млн 100 мың теңге шамасында. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, қылмыстық іс қозғалды. Тергеушілер енді күдіктінің есірткіні қайдан алғандығын және кімге сатпақ болғандығын анықтауы тиіс.