Таразда көлік қаққан әйел көз жұмды

Таразда көлік қаққан әйел көз жұмды
Tengrinews

Таразда белгісіз біреу 35 жастағы әйелді көлікпен қағып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қатты соққыдан ол жан тапсырды. Ал жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Полицейлер 27 жастағы күдіктіні ұстады. Оның автокөлігі арнайы тұраққа жіберіліп, сараптама тағайындалды. Аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Есірткі тұтынған адам көлік ұрлаған

Оралда есірткі тұтынған ер адам теміржол вокзалының тұрағында тұрған көлікті айдап кеткен. Көлік ұрлығы бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Жедел шара қабылданып күдікті ұсталды. Тергеп, тексеру кезінде оның марихуана шеккені анықталды. Бұған дейін ол көлік жүргізу құқығынан айырылған болып шықты.

Мас адам көлік ұрлаған

Павлодар облысы Ақсу қаласында мас күйінде көлік ұрлаған адам ұсталды. Ол шаһар көшелерінің бірінде тұрған көлікті айдап кеткен. Жүріп бара жатқан автокөлік полицейлердің күдігін туғызады. Тоқтау туралы заңды талаптарды елемеген жүргізуші жасырынуға тырысқан. Арнайы база арқылы тексеру кезінде «Фольцфаген-венто» басқа адамға тиесілі екендігі анықталды. Ұры сол мезетте ұсталды. Сараптама кезінде күдіктінің ішімдік ішкені нақтыланды. Айта кету керек, облыста жыл басынан бері ішімдік ішіп рөлге отырған 854 жүргізуші жауапқа тартылды.

Әткеншектен құлап аман қалды

Жамбыл облысы Қордай ауылында жасөспірім аттракционнан құлап кетті. Мына кадрларда әткеншекте бірнеше баланың отырғанын көруге болады. Ол іске қосылған тұста бала қатты жылдамдықта ұшып түскені көрініп тұр. Бұл видео әлеуметтік желіде тарап кетті. Абырой болғанда жеткіншек аман. Ешқандай жарақат алмаған. Тексеру кезінде анықталғандай, бала қауіпсіздік белбеуін өзі шешіп тастағаны белгілі болды.

Нұрболат Сатымқұлов, Қордай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

- Баланың денсаулығына ешқандай зиян тиген жоқ. Сол себепті ата-анасы жергілікті полиция бөліміне және орталық ауруханаға арыз-шағым түсіріп қайрылмады. Бүгінгі таңда аттракциондық әткеншек иесінің өзінің шешіміне сәйкес әткеншектің жұмысы тоқтатылды.

Карантинде той тоқтамай тұр

Түркістан облысында карантинде той жасап думандату тыйылмай тұр. Мониторингтік топ тексеру кезінде Созақ ауданында той ұйымдастырған 3 тұрғынды анықтады. Олардың бірі туған-туыстарын жиып, тұсаукесер жасаса, екіншілері беташар тойлаған. Оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Жалпы аймақта жыл басынан бері дәл осындай 700-ге жуық жағдай тіркелген. Тек соңғы бір аптаның өзінде 199 карантин талаптарын бұзу дерегі анықталды.