Жамбыл облысында жеңгетайлықпен айналысқан әйел ұсталды

Полиция Түркістанда есірткі сатқан делдалды ұстаса, Таразда қыздарды жезөкшелікке тартқан жеңгетай қолға түсті. Ал павлодарлық ер адам пневматикалық қарумен ит атқан. Бұл туралы «Хабар 24» тілшісі хабарлайды.

Жамбыл облысының полиция қызметкерлері қыздарды жезөкшелікпен айналысуға тартқан және притон ұйымдастырған 40 жастағы әйелді ұстады. Ол өз кінәсін толық мойындап отыр. Сонымен қатар жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар беру дерегі бойынша да әкімшілік құқық бұзу фактілері анықталған.

«Жеңгетай» санаты бойынша 1 адам және жезөкшелікпен айналысқан 3 әйел профилактикалық есепке алынды.

ЕСІРТКІ САТҚАН КҮДІКТІ ҚОЛҒА ТҮСТІ

Түркістанда есірткі сатумен айналысқан күдікті ұсталды. Полиция басқармасының кезекші бөліміне қала тұрғынының есірткі заттарын сақтаумен айналысатыны туралы хабарлама келіп түскен. Іздестіру барысында тәртіп сақшылары күдіктінің ауласынан ақ қағазға оралып кептірілген марихуананы тәркіледі. Қазір есірткі заттарының заңсыз айналымы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

ІРІ КӨЛЕМДЕ ҚАРЖЫЛЫҚ ШЫҒЫН КЕЛТІРГЕН

Мемлекетке ірі көлемде қаржылық шығын келтірген Павлодардағы «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының директоры мен оның есепшісіне қатысты сот үкімі шықты. Тергеу барысында күдіктілердің 2017 және 2019 жылдар аралығында өнер адамдарының қатысуымен жалған іс-шаралар өткізіп, әртістерге азық-түлік алынғаны туралы жалған құжаттар әзірлегені белгілі болды. Келтірілген шығын көлемі 40 миллион теңгеден асады. Соттың шешімімен олар 7 жылға бас бостандығынан айырылып, жазаларын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз деңгейлі мекемелерінде өтейтін болады. Айыптау үкімі заңды күшіне енген жоқ.

ПНЕВМАТИКАЛЫҚ ҚАРУДАН ОҚ АТҚАН

Павлодар қаласындағы саяжайлардың бірінде ер адам пневматикалық қарумен ит атқан. Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полицейлер оның жеке басын анықтады. Күдікті үй құстарына шабуыл жасаған итті қорқыту мақсатында қару қолдануға тура келгенін айтып ақталған. Ит тірі екен. Бірақ оқыс дыбыстан талып қалыпты. Аталған дерекке қатысты арнайы белгіленбеген жерде және елдімекен маңайында оқ ату бойынша әкімшілік жаза қолданылды. Құқық бұзушыға 60 мың теңгеге жуық айыппұл салынып, пневматикалық қаруы тәркіленді.