Атырауда кәсіпкерлік ғимарат өртке оранды

Атырау облысында кәсіпкерлік нысан өртке оранды. Ал Қызылорда облысында заңсыз балық аулау тиылмай тұр. Елде болған осы және өзге де «Оқыс оқиғалар» тізбегі алдағы топтамада.

Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Орлы ауылындағы кәсіпкерлік ғимараты өртке оранды. Салдарынан 1 қабатты нысанның төбе жабындалары өртеніп, супермаркет пен асхана толық жанып кетті.

Оқиға орына 2 өрт сөндіру техникасы мен 17 жеке құрамның қызметкерлері жұмылдырылды. Мамандар тілсіз жауды ауыздықтап, толықтай сөндіру үшін жалынмен 4 сағат алысты.

Қаза болғандар жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.

ЗЕРГЕРЛІК БҰЙЫМҒА ТОЛЫ СЕЙФ ТАБЫЛДЫ

Ақтөбе облысында зергерлік бұйымдары бар сейф табылды. Ол осыдан төрт ай бұрын қолды болған еді. Полицейлер күдіктіні анықтап, үш ұрыны қолға түсірді. Олар сейфті үй ауласында жерге көміп тастаған. Енді ұсталғандар жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

ЗАҢСЫЗ БАЛЫҚ АУЛАУ ТЫЙЫЛМАЙ ТҰР

Қызылорда облысы Шиелі ауданында заңсыз балық аулау жағдайы тіркелді. Яғни, Телкөлканалында броконьерлердің автокөлігіннен 3 қапқа салынған балық, 2 дана аккумулятор, 1 дана қолдан жасалған тоқ аппараты, өткір шам, 2 дана резеңке қайық пен қытай аулары табылды. Аудандық полиция бөлімінің рейдтік жұмыстары аясында дәл осындай 9 жағдайға тоқтау салынды.

ҚЫСҚЫ КҮРТЕШЕЛЕРДІ ҰРЛАҒАН КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ

Нұр-Сұлтан қаласында полицейлер қысқы күртешелерді ұрлап, кәсіп етпек болған күдіктіні ұстады. Ол сауда үйіне күндізгі уақытта кіріп, адамның саябырсыған уақытын пайдаланған. Маникендегі әйелдерге арналған киімді қолды етіп, сонда сатып кеткен. Екі сағаттан кейін тағы да оралып, ерлер күртешесін киіп еркін шығып кетпек болғанда қолға түсті. Қазір өзге де қылмысқа қатыстылығы тексерілуде.