Алматыда вайнерлер жарнамалаған пирамида ісі бойынша күдіктілер ұсталды

Алматыда вайнерлер жарнамалаған пирамида ісі бойынша күдіктілер ұсталды
Polisia.kz

Алматыда қаржы пирамидасы бойынша екі адам қамауға алынды, деп хабарлайды Хабар 24 Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Mudaraban Capital компаниясының тағы екі қызметкері қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен ұсталды.

«Бұл компанияны құрған 1988 жылы туған Ж. есімді азамат және басқарма төрағасы қызметін атқарған 1983 жылы дүниеге келген Р. деген азамат. Олар ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128 бабы бойынша ұсталды және Алматы қалалық ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.

Айта кетейік, қылмыстық іс Алматы қалалық Полиция департаментінде бір топ азаматтың «Astex.кz» ЖШС, «ACD Technology» ЖШС лауазымды тұлғаларына қаржылық пирамида құру және басқару дерегі бойынша ұжымдық арыз жазуларына байланысты қозғалды.

Аталған ЖШС-нің басшылары екі жыл бойы жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қажет деп болжанатын қаражатты тарту бойынша бірлескен қызмет туралы келісімдер жасасқаны анықталды. Екіжақты құжатқа сәйкес фирмалар әрбір салымшыға салынған салым сомасының 20 процентін ай сайын төлеуге міндетті болған. «Astex.кz» ЖШС-не 162 салымшының екі миллиард теңгеден астам қаражаты «Mudaraban Capital» ЖШС арқылы түсіп отырған.

«Осы қылмысты жасағаны үшін барлығы сегіз күдікті әшкереленді, олардың алтауы соттың санкциясымен қамауға алынды, біреуі іздеуде, тағы біреуі үйқамақта», - деді Рүстем Әбдірахманов.