15 жастағы оқушы басқарған көлік аударылып, үш адам қаза тапты

15 жастағы оқушы басқарған көлік аударылып,  үш адам қаза тапты

Алматы облысының Панфилов ауданында жол апатынан 14-15 жастағы үш жасөспірім көз жұмды, деп хабарлайды Хабар 24.

Жол-көлік оқиғасы Әулиеағаш ауылы маңында болған. Көктал ауылының 15 жастағы тұрғыны тізгіндеген Nissan Cefiro автокөлігі Көктал Әулиеағаш тас жолының бойында аударылып қалды. Салдарынан үш отбасы қара жамылды. Түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған екі жасөспірім Панфилов аудандық ауруханасына түсті. Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті сараптамалар тағайындалды. Қазір тергеу-тексеру жүріп жатыр. Жүргізуші куәлігі жоқ жасөспірімнің рөлге отыруына жол берген көлік қожайыны да жазаға тартылады. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 349-бабы бойынша іс қозғалды.

Жамбыл Бакетов, Панфилов аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары:

– Көктал – Әулиеағаш тас жолының 8-шақырымында Nissan Cefiro автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдан шығып кетіп, жол-көлік оқиғасы орын алып отыр. Қазіргі таңда тергеп тексеру жұмыстары жүргізілуде.