Жылу электр орталығында тағы апат болды

Петропавлдағы жылу электр орталығы 56% тозған. Салдарынан кейінгі бір айда қондырғылар үш рет істен шықты. Қыстың көзі қырауда қала халқы жылусыз қала ма? Бұл сұраққа аймақтағы тілшіміз Самат Қайырденұлы тікелей байланысқа шықты.

Жалпы, нөмірі екінші Петропавл жылу электр орталығында соңғы жылдары жағдай мәз емес деп айтуға болады. 22 қаңтар екі бу қазандығы істен шықты. Бұл аз десеңіздер, араға екі күн салып, тағы біреуі жарамсыз болып қалды. Салдарынан энергетиктер, кей аудандардағы тұрғын үйлерде жылу қысымын азайтуға мәжбүр болған. Қазіргі таңда стратегиялық нысанда қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Естеріңізде болса, былтыр желтоқсан айында мұнда апат болып, бірнеше аудан жарықсыз қалған болатын.

Жалпы монополистерге тұрғындар тарапынан сұрақ көбейіп кеткен соң, бүгін олар арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, мән-жайды түсіндірді.

Ержан Қоңырбаев, жылу электр орталығының директоры:

– Режим бойынша 8 қазандық істеп тұрған. 3 қазандық бірінен кейін бірі 2-3 сағатта істен шыға бастады. Түгелдей дерлік тозған. 

Жалпы орталықта 12 қазандық бар. Мамандардың айтуы бойынша, халықты тиісті деңгейде жылумен қамту үшін жоқ дегенде, оның сегізі жұмыс істеп тұруы қажет. Сенбіге дейін олқылықтың орнын толтырамыз деп сендірді жауаптылар. Ал есептегіш құралдары жоқ абаненттерге коммуналдық төлем қайта есептелетін болады.

Айта кету қажет, мұнда маман тапшылығы да бар. Мәселен, бүгінгі күні 124 адам жетіспейді. Барлығы айлықтың төмендігіне байланысты.

Биыл орталықта жаңғырту жұмыстарына 17 миллард теңгедей қаржы жұмсалмақшы.