Петропавлда жатақханадан өрт шықты

Петропавлда былтыр жарылыс болған жатақхана тұрғындары тағы да алаңдаулы. Себебі жақында мұндағы бөлмелердің бірі өртенді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдын ала болжам бойынша қызыл жалын сымдардың тұйықталуынан болған. Ал келтірілген шығынды енді кім өтейтіні белгісіз. Үшінші ақпан күні Кирилл Кокухиннің бөлмесі отқа оранады. Ұйқыдан оянған азамат еш ояланбастан терезеден секіріп кеткен. Содан бері баспанасы осындай күйде. Өзі туыстарын паналап жүр.

Кирилл Кокухин, қала тұрғыны:

– Тоңазытқыштан басқа барлық тұрмыстық техника сөндірулі болды. Өрт электр сымдарынан шықты деп ойлаймын. Өйткені мердігер былтыр жөндеу жұмыстарын дұрыс жүргізбеген. Енді бөлмемді кім қалпына келтіреді?

Бес қабаттан тұратын жатақханаға жапсарлата орналасқан дәмханада тура бір жыл бұрын газ балоны жарылды. Бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, бірнеше мердігер компания қираған нысанды қалпына келтірді. Дегенмен тұрғындар өрт тағы қайталанады ма деп үйрейленеді.

Эля Абдрахманова, қала тұрғыны:

– Жөндеу аяқталған соң осы жатақханадан бөлме сатып алдым. Жақындағы өрттен кейін көршімнің терезесі сынған. Қатты аяздан бірнеше бөлмеде су жоқ. Қатып қалды. Жалпы жатақханадағы электр сымдары сапасыз. Қайтадан тексерсе дейміз.

Соңғы өртке байланысты тағайындалған сараптама қорытындысы дайын.

Владимир Хутинаев, қалалық төтенше жағдай басқармасының басшысы:

– Алдын ала жүргізілген тексеріс нәтижесі бойынша қызыл жалын сымдардың қысқаша тұйықталуынан болды. Біздің өрт зертханасындағылар осындай қорытынды шығарды.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміндегі мамандар мердігердің кінәсі дәлелденсе, оны жауапқа тартымыз деп сендірді.

Әсем Айтолла, қалалық ТҮШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Қазіргі таңда өрт бойынша бізге ресми сараптама құжаттары әлі келген жоқ. Келген жағдайда егерде мердігердің кінәсі дәлелденетін болса, онда сот арқылы не өздігімен ол барлық шығынды толтырады.

Айта кету қажет, бұл жатақханада шашамен 100-ге жуық бөлме бар. Өткен жылы болған жойқын жарылыстан кейін үш компания мұнда жөндеу жұмыстарын жүргізді.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов