Ақтөбе облысында бірнеше ауыл қар құрсауында қалды

Ақтөбе облысында бірнеше ауыл қар құрсауында қалды

Ақтөбе облысында ауыл тұрғындары жол азабын тартып отыр. Соңғы күндері түскен қалың қардың салдарынан өңірдегі бірнеше елдімекенге қатынас үзілді.

Ойыл ауданындағы Ақшатау ауылына баратын жол әлі толық ашылған жоқ. Тұрғындар аудан орталығына қатынау үшін жолды өздері тазалауға мәжбүр. Ауылдықтардың айтуынша, өткен түні көпшіліктің көмегімен елдімекендегі дүкендердің біріне азық-түлік әрең жеткен. Жалпы, Ақшатауға қыс түскелі жол бір рет қана ашылыпты. Дәл осындай жағдай Ырғыз ауданына қарасты Нұра ауылында да болды. Жергілікті тұрғындар бұл мәселені әлеуметтік желі арқылы жеткізіп жатыр. Жолға жауапты басқарма өкілдерінің айтуынша, мәселенің туындауына мердігер мекемелердің салғырттығы себеп. Өйткені жолды қыста күтіп-ұстауға қажетті қаражат бөлінген.

Айбек Қайыр, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Ырғыз бен Нұра ортасында жол ашылған. Ал Ақшатауда таңертеңнен бастаған, әлі бітіре алмай жатыр. Осы кешке дейін бітіруі керек. Аудан әкімдігінің өкілдері маған мәлімет беріп отыр. Дизель отыны бітіп қалады кейде. Сондай мәселелерден техника тоқтап қалады. Мәселе мердігерде деп ойлаймын. Сосын басындағы жергілікті атқарушы органдардың тез арада жұмыс істеуі керек.