Елордада жүргізуші бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетіп, жол апатына ұшырады

Елордада жүргізуші бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетіп, жол апатына ұшырады
Tengrinews.kz.

Нұр-Сұлтандағы Мәңгілік ел даңғылында жол апаты видеоға түсіп қалды. Жүргізуші бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Елордалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, 20 ақпанда таңғы сағат 4.00-де Мәңгілік ел даңғылымен келе жатқан Daewoo Nexia көлігін тізгіндеген 23 жастағы жүргізуші Сығанақ көшесі жағынан Алматы көшесінің қиылысында бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен. Салдарынан қарсы бағытта келе жатқан Toyota Land Cruiser көлігімен соқтығысқан.

«Жол апаты салдарынан Daewoo Nexia көлігінің жолаушысы мен жүргізушісі зардап шекті. Дәрігерлер тексергеннен кейін жүргізуші үйіне шығарылды, жолаушы қалалық ауруханаға жатқызылды. Факт бойынша тергеу жүріп жатыр», делінген хабарламада.