«Замануи мектеп» жобасымен күрделі жөндеуден өткен мектеп өртенді – Павлодар

Қызыл жалын жалпы аумағы мың шаршы метрді жерге жайылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірінші ауысымда оқитын 551 оқушы қауіпсіз жерге шығарылды. Өрттің себептері әлі анықталған жоқ. Бұл Павлодарда қысқа мерзімде өртенген екінші мектеп. Екеуі де «Замануи мектеп» жобасы бойынша күрделі жөндеуден өткен. Жалпы бұл жобамен 6 мектеп жөнделеді. Ол үшін 4 млрд теңге бөлінген.

Өрт шыққаны туралы хабарлама таңертеңгі сағат  8-дер шамасында түскен. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Өрт толық сөндірілді. Мектептегі 500-ге тарта оқушы  мен ұстаз толық эвакуацияланған. Мектеп директорының айтуынша, өрт физика кабинетінен шыққан. Бірінші болып өрт туралы дабыл қаққан да сол физика пәнінің мұғалімі екен.

Гүлмира Мантықова, №28 ЖОББ мектебінің директоры:

Өрт дабылы қағылған кезде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жүгіріп келді. Ол бірден өрт сөндіргіш құралды алып сөндіре бастады. Бірақ жалын тез таралып кетті. Өрт туралы бірінші болып физика пәнінің мұғалімі хабарлады. Ал дене шынықтыру пәнінің мұғалімі екінші қабатты болды. Ол оқушыларды сабаққа алып кеткелі жатқан  болатын.

Қызыл жалынды сөндіруге 13 техника бірлігі, жеке құрамнан 70 адам жұмылдырылды. Өрт шарпыған аумақтың жалпы көлемі 1 мың шаршы метрден асады.

Қайрат Шаймарденов, облыстық ТЖ департаменті басшысының орынбасары:

– Өрт сөндіру жұмыстары ұзаққа созылып кетті. Себебі төтенше оқиға жайында кеш хабарланып отыр. Күш құралдармен 100 процент қамтылды. Жағдайды көріп тұрсыздар өте күрделі. Жеке құрамды дабылмен  толықтай көтердік. Менің ойымша өртті өз күштерімен сөндірмек болған. Өрттен мектептің шатыры толық зардап шекті.

Белгілі болғандай өрттен физика пәнінің мұғалімі зардап шеккен. Ол қазір ауруханаға жеткізілген. Жалпы бұл – қаладағы көне мектептердің бірі. Іргесі сонау 1968 жылы қаланған. Осыдан екі жыл бұрын күрделі жөндеуден өтіпті. Жөндеу жұмыстарына 200 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Қызыл жалыннан  білім ошағының шатыры зақым келді. Өрт сөндірушілер өртті 1,5 сағат бойы сөндірді. Естеріңізге сала кетсек өткен аптада Павлодарда тағы бір мектеп ғимараты өртенген болатын. Мамандар  оның себебі қасақана от қою салдарынан деп мәлімет таратты.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат