Кентауда су толы құбырға құлаған 2 жасар бала құтқарылды

Кентау қаласында суға ағып кетіп, жол астындағы құбырға түсіп кеткен 2 жастағы бала періштесі қағып, аман қалды.

Құтқарушылар ес-түссіз күйде жатқан сәбиді жедел қимылдап, алып шықты. Оқиға кеше кешкісін сағат сегізге таман Кентау қаласына қарасты Хантау ауылында болған. Жоласты суөткізгіште онша кең емес, диаметрі небәрі жарты метрлік құбырда су толассыз ағып жатқан. Қараусыз қалып, арыққа құлап кеткен бала құбырдың ішінде 15 метрдей жерде кептеліп қалған. Қазір баланың жағдайы орташа, дәрігерлер қарап отыр. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады. Құтқару операциясына Түркістан облысы ТЖД  3 құтқарушысы және 1 техникасы жұмылдырылған.