Екібастұзда мектептен өрт шықты

Екібастұзда мектептен өрт шықты

Апат жөндеу жұмыстары жүріп жатқан №24 мектепте орын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, Сәтбаев көшесі, 4 мекенжайындағы №24 мектептің ғимаратында өрт шыққаны туралы хабар сағат 10-да түскен.

- Бірінші қабаттағы кабинетте жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде өрт шыққан. 40 шаршы метр аумақта құрылыс заттары мен пластик құрылымдар жанған, - деді басқармада.

Өрт сағат 10:15-те сөндірілді. Құтқарушылар келгенге дейін пропан толтырылған баллон мен 40 жұмысшы эвакуацияланды.

Білім ордасында сәуір айынан бері жөндеу жүргізілуде. Жұмыс түрлеріне байланысты бірнеше мердігер тартылған. 

- Өрт жылу жүйесінде дәнекерлеу жұмысын жасап жатқан «Бектемір Құрылыс» ЖШС кесірінен орын алды. Фирма басшылығы өз қателігін мойындап, шығынды өтеуге дайын екенін жеткізді, - деді мектеп директоры Құралай Рахметжанова.

Мектеп директорының ақпараты бойынша, бүгінгі таңда күрделі жөндеудің жалпы көлемінің 60%-ы орындалған. Оқу жылының басында жобаға сәйкес мектепте жылу жүйесін жөндеу, электр сымдарын ауыстыру, жаңа есіктер мен терезелер орнату, ғимараттың қасбеті мен ішін әрлеу  жоспарлануда.

- Өрт салдарынан жөнделген екі кабинет зардап шекті, сондай-ақ басқа мердігер – «Казеврострой» ЖШС-нің құрылыс материалдары жарамсыз болып қалды. Шығын сомасы анықталған соң кінәлі тұлғалар шығынды  өтейді. Жөндеу жұмыстарын жалғастырамыз және мерзімінде аяқтаймыз деп үміттенеміз, - деді білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Динара Ахметова.