Теміртаудағы комбинатқа қатысты қылмыстық іс қозғалды 

«Арселор Митталға» қарасты металлургиялық комбинаттағы 4 жұмысшының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Теміртауда ескі цехтың бірін бұзып жатқан 5 адамның үстіне пеш мұржасы құлаған. Үйінді астында қалған төрт жұмысшы оқиға орнында көз жұмды. 28 жастағы бір адам ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, қазір жағдайы орташа. Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаменті, өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандары, сондай-ақ комбинат басшылығы және басқа да жауапты тұлғалар жұмыс істеп жатыр. Комбинат басшылығы тілшілерімізге сұхбат беруден бас тартты. Тек мерт болғандардың отбасына материалдық көмек көрсетілетінін хабарлады.

Ульяна Базарова, қалалық орталық аурухана директорының орынбасары:

– 1994 жылы туған азамат бірден ауруханаға жеткізілді. Есін жоғалтпаған. Гемодинамикасы тұрақты, маңдайында терең жара бар. Қазір нейрохирург, хирург, реаниматологтар науқасты жіті тексеріп жатыр.

Сақыпжамал Сафарова, еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

– 2022 жылдың 10 маусымында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ жұмыскерлері жазатайым оқиғаға ұшырады. Оның ішінде 4-уі қаза тапты, біреуі қазір ауруханада. Еңбек заңнамасына сәйкес, тергеп тексеру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижелері бойынша қосымша хабарланатын болады.