ШҚО-да тұрғын үйден өрт шықты

Өскеменде Промышленная көшесінде орналасқан тұрғын үйден өрт шықты. Қызыл жалын пәтердің қонақ бөлмесін шарпыған. Салдарынан үйдегі тұрмыстық техникалар, жиһаздар түгел жанып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өрт сөндірушілер 20 шаршы метр алаңдағы жалынды ауыздықтады. Жедел жәрдем қызметкерлері 2011, 2014 жылғы балалар мен олардың әжесін улану шағымы бойынша ауруханаға жатқызған.

ЕСІРТКІ ТӘРКІЛЕНДІ – ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ

Қызылорда облысында есірткі тасымалдағаны үшін ер адам ұсталды. Оқиға  Шымкент-Самара тас жолында болған. Полиция қызмткерлері жол ережесін бұзғаны үшін Фольксваген-Пассат автокөлігін тоқтатып, тінту жүргізген. Нәтижесінде полиэтилен пакетіне оралған шөп ұнтақтары тәркіленді. Табылған ұнтақ сараптамаға жолданып, кептірілген марихуана екені анықталған. Жүргізушіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.   

ҚАРУ-ЖАРАҚ ТӘРКІЛЕНДІ – ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ

Жамбыл облысында криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қала орталығындағы гараждың бірінен бірнеше  қару-жарақты  тауып, анықтады. Оқ жатарында  8 патроны  бар «ПМ» тапаншасы, револьвер, 12-калибрлі «ИЖ» маркалы тегіс ұңғылы мылтық, LSG-80 жарық-шу гранатасы, 5,45 мм калибрлі патрондары бар металл жәшік, барлығы 2016 дана тәркіленді. Бұдан бөлек  полицейлер тағы бір қару-жарақ арсеналы сақталған орынды тапқан. Қазір барлық суық қаруға сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалды.

ӨРТ САЛДАРЫНАН 46 АДАМ ЭВАКУАЦИЯЛАНДЫ –

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ

Қостанайда көпқабатты үйде шыққан өрт салдарынан 46 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оқиға түнгі сағат 3 жарымда 5 қабатты үйде болған. Өрт сөндірушілер  келгенде  2-қабаттағы пәтер мен қылтима (балкон) жанып жатқан. Әрі қарай жоғары қабатқа тарала бастаған. Дереу қызметкерлер тұрғын-үйдегі 46 адамды баспалдақпен шығарып, қызыл жалын шарпыған аймақтан 8 адамды құтқарған. Оның 3-уі бала. Таңғы 4.14-те өрт толығымен сөндірілді.

ВЕЛОСИПЕД ҰРЛАҒАН – ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ

Қызылорда облысында велосипед ұрлаған ер адам ұсталды. Полиция басқармасының мәліметінше, 29 жастағы қала тұрғыны кезекші бөлімге сауда орталығының алдында тұрған велосипедін белгісіз тұлғаның алып кеткенін айтып, шағымданған. Бұдан бөлек,  сол күні «102» пультіне сауда үйінің қызметкері мен басқа қала тұрғыны арыз берген. Онда ер адамның сатылымда тұрған тұрмыстық заттарды және көпқабатты үйдің алдында тұрған велосипедін ұрлап кеткені айтылған. Полицейлер «ізін суытпай» 42 жастағы қала тұрғынын ұстады. Ол бұрын сотты болғаны анықталды.  Одан ұрланған велосипедтер және тұрмыстық заттар  тәркіленген. Аталған дерек бойынша  сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынған.