Қызылорда облысында жедел медициналық көмекке бара жатқан әуе кемесі өртенді

Оқиға ақпанда болған еді. Диспетчерге Арал ауданында қант диабетіне шалдыққан 16 жастағы жасөспірім ес-түссіз күйде жатыр деген қоңырау келіп түседі. Жолға дереу жиналған Марат Мейрамбек пилоттармен бірге дереу көкке көтеріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал мына суреттерде 2 сағаттан кейінгі жағдай көрсетілген. Аудан орталығынан 10 шақырым жерде АН-2 санавиация ұшағы техникалық ақауға байланысты шұғыл қонуға мәжбүр болады. Әуе кемесі тасқа соғылғандықтан аударылып, өрт тұтана бастайды. Сол кезде Марат қара басын ғана ойламай, құтқару шараларына кіріседі.

Марат Мейрамбек, фельдшер:

- Көзімді ашсам теріс айналған ұшақтың төбесінде жатыр екенмін. Бойымда еш қорқыныш болған жоқ. Дереу эвакуация жасауға кірістім. Пилоттарға көмек керек шығар деп қарасам, олар аман сияқты. Ұшақ түтіндеп, өртеніп жатыр. Сол кезде оттегі баллоны мен медициналық құрылғыларды шығару керектігі есіме сап ете қалды. 

Келесі күні таңертең Марат қайтадан кезекшілігі бойынша жаңа шақыруларға аттанып кетті. Өйткені аймақта оның көмегіне мұқтаж жандар көп.

Марал Айтымов, медициналық авиация бөлімшесінің меңгерушісі:

- Нейрохирургия, бала нейрохирургия, нефролог, операция жасайтын гинекологтар, травмотолог, ортопед, жақ-бет хирургі мамандар болмауына байланысты біз соларды сол аудандағы науқасқа жұмылдырамыз.

Медициналық авиация бөлімшесі қазір облыстық жедел жәрдем қызметінің құрамына кіреді. 4 қалалық және 9 аудандық станцияда мыңға жуық маман жұмыс істейді. Күнделікті шамамен мың жарым қоңырау қабылданатын болса, соның басым бөлігінде ауыр жағдайдағы тұрғындар хабарласады екен. Сол себепті станция паркі өткен жылы 40 реанимобильмен толықса, биыл тағы 20-сы алынбақ. Өжеттігімен танылған фельдшер Марат Мейрамбек енді авиапарк жаңартылса дейді. Жыл басынан бері шалғай ауылдарға шұғыл 56 ұшу орындалған екен. Ал жарты ғасырдан астам пайдаланылған ұшақтармен көмекке аттану қауіпті болып бара жатқанын айтады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Әлхайдар Тұрлыханов