Петропавлда төтенше жағдай жарияланады

Петропавлда екінші жылу электр орталығында болған апатқа байланысты техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланбақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, мұндай шешім қабылдаудағы басты мақсат – апат салдарын уақытылы жою. Естеріңізде болса, биыл 20 наурыз күні жылу орталығындағы алып мұржаларының бірі опырылып, құлаған болатын. Салдарынан үйіндінің астында қалған әйел қайтыс болды. Аталған фактіге байланысты қылмыстық іс қозғалып, орталық директоры мен бас инженері қамауға алынды. Тергеу амалдары болса, әлі күнге дейін жалғасуда. Қазір апатты мұржа бұзылып жатыр. Соның салдарынан қысым төмендеп, шаһардың кей аудандары ыстық сусыз отыр.

Жанболат Батырбеков, Петропавл қаласы әкімінің міндетін атқарушы:

– Төтенше жағдай режимі құрылыс-монтаждау жұмыстарын жеделдетуге және басқа да қажетті сараптамаларды тездетуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қаржыландыру мәселесі қаралып жатқан жоқ. Себебі «Севказэнерго» компаниясынан бізге ешқайдай өтініш түскен емес. Олардың айтуынша, жөндеу жұмыстарына қаржы жеткілікті.