Қызылордада мобильді бекеттен өтпек болған көліктен аса ірі көлемде есірткі табылды

Қызылордада мобильді бекеттен өтпек болған көліктен аса ірі көлемде есірткі табылды
Иллюстративті фото / 24.kz

Қызылорда облысында мобильді бекеттен өтпек болған көліктен аса ірі көлемде есірткі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыста «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Аталған шара барысында қызылордалық полицейлер мобильді бекетте Түркістан қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына қарай бағыт алған «Honda Odyssey» автокөлігін тоқтатқан еді.

«Тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан 1,5 келіге жуық марихуана табылды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде» деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.

Ведомство мәліметінше, биылғы жылдың алты айында облыс көлемінде есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтардың 96 дерегі анықталды. Оның ішінде 19-ы есірткі сату, 6-ы есірткі затын аса ірі мөлшерде сақтау, 2-і есірткі жарнамалау, 19-ы есірткі өсіру саналады. Заңсыз айналымнан 23 келіге жуық есірткі заты тәркіленді.