Екібастұз маңында вахташылар автобусы аударылды

Екібастұз маңында вахташылар автобусы аударылды
Politeka.Net

Бәйет ауылының маңында вахталық автобус аударылып, апат салдарынан 16 адам зардап шекті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, 103 желісіне ірі жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама бүгін, 26 шілде күні сағат 12:38-де түскен.

- Қоңырау шалушылардың айтуынша, Екібастұздан 25 шақырым жерде вахташыларды Атырауға алып бара жатқан автобус аударылып кеткен. Оқиға орнына бес жедел жәрдем бригадасы жіберілді, - дейді станцияда.

Медицина қызметкерлері шақырудан кейін 14 минут өткен соң зардап шеккендерге көмек көрсетті. 103 қызметі Екібастұз қалалық ауруханасының қабылдау бөліміне зардап шеккен адамдар саны көп болуы мүмкін екені туралы алдын ала ескертті. Жедел жәрдем бригадаларының бірі зардап шеккендерді анықтау үшін оқиға орнында қалды.

– Барлығы 32 адам жол апатына ұшыраған. Оның 16-сы Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді. 19-53 жас аралығындағы ер адамдарда бассүйек ми жарақаттары, мидың шайқалуы, түрлі көгерулер мен сынықтар тіркелді, – делінген мәліметте.

Әзірге облыстық Полиция департаментінде жол апаты туралы ақпарат ұсынбады.