Алматы әуежайында оқ атылды

Алматы әуежайында үш ер адам төбелес шығарды. Мас күйде болған олар полицияның талабына бағынбаған. Тіпті 1994 жылы туған ер азамат қолындағы бөтелкесін сындырып, полиция қызметкеріне қарай ұмтылған. Ауыр қылмыстың алдын алу мақсатында тәртіп сақшысы өзінің табельдік тапаншасымен аспанға ескерту ретінде оқ атқан. Төбелеске қатысушылар ұсталды. Олар Алматы және Түркістан облысының тұрғындары болып шықты. Олардың екеуі бұрын сотты болған. Қазір аталған іске қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Сонымен қатар полиция табельдік қаруды қолдану фактісі бойынша қызметтік тексеру жүргізілетінін хабарлады.

Түркістан облысында мас жүргізуші ұсталды

Түркістан облысы Келес ауданында екінші рет мас күйінде көлік тізгіндеген жүргізуші ұсталды. «Мерседес-Бенс 230 Е» маркалы жеңіл автокөліктің рулінде болған азаматтың алкогольді ішімдік ішкені медициналық сараптама арқылы анықталған. Ер адам бұған дейін де дәл осындай әрекеті үшін 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, автокөлік айып тұрғына қойылды. 

Қызылорда облысында көлік апатынан 5 адам қаза тапты

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тасжолында екі көлік соғысып, 5 адам қаза тапты. Оқиға Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Таң ауылының тұсында болған. «Нексия» және «Тойота» темір тұлпарлары қарама-қарсы келіп соғысқан. Жол көлік оқиғасының жойқын болғаны соншалық, қос автокөлікте болған 3 жолаушы мен 2 жүргізуші оқиға орнында жан тапсырған. Олардың көлік ішінде қысылып қалған денелерін шығаруға өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері көмектескен. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. 

Ақтөбе маңында жол апатынан адам көз жұмды

«Ақтөбе-Астрахань» автожолының 242 шақырымында «Тойота Лэнд Крузер Прадо» маркалы көлігі «Газ» жүк көлігімен соғысты. Жол көлік оқиғасы салдарынан жүк талғамайтын көлікте болған 1 жолаушы көз жұмып, 2 жолаушы ауруханаға жеткізілді. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.