Ақтөбе облысында жол апатынан 3 адам көз жұмды

Ақтөбе облысында жол апатынан 3 адам көз жұмды

Ақтөбе облысында үш адам жол апатынан мерт болды. Оқиға «Шалқар –Ырғыз» тас жолының 91-шақырымында болған. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 7 орындық «Toyota Estimа» автокөлігінің жүргізушісі жоғары жылдамдықпен келе жатып, рульге ие бола алмай, аударылып кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан 3 жолаушы оқиға орнында көз жұмса, тағы 4 адам ауыр жарақат алып, Шалқар қаласының орталық ауруханасына жеткізілді.

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ЖЕҢІЛ КӨЛІКТЕН ҚАРУ ТАБЫЛДЫ

Түркістан қаласында жеңіл көліктердің бірінен қару табылды. Оны полицейлер кезекті рейд барысында анықтаған. Облыстық полиция департаменті берген ақрапатқа сенсек, кешкі уақытта шаһар көшелерінің бірінен жол жүру ережесін бұзған «Skoda Superb» автокөлігі тоқтатылған. Жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында патруль қызметкері көлік ішінен қаруды байқап қалған. Ал, ол, мұны досына тиесілі екенін айтқан. Жолаушы болса, қос ауызды шолақ мылтықты «тауып алдым», - деп ақталды. Қазір аталған іске қатысты тергеу жүріп жатыр.

ӨСКЕМЕНДЕ ГАРАЖДАР ӨРТЕНДІ

Өскеменде гараждар кооперативінен өрт шықты. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады. Өрт сөндірушілер жетем дегенше екі гараж толығымен жанып кеткен. Одан бөлек тағы бірнеше көлік пен ғимаратқа зақым келген. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Құтқарушылар, тұрғындарға қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді.

 

КӨКШЕТАУДА ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ТАРАТҚАН КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ

Көкшетауда облыстық және қалалық соттың ғимараттарына жарылғыш зат қойылды деп жалған хабарлама таратқан адам табылды. Ол Батыс Қазақстан облысына қарасты ауылдардың бірінің 15 жастағы тұрғыны болып шықты. Мектеп оқушысының неліктен мұндай әрекетке барғаны әзірге белгісіз. Қазір полиция тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Не де болса, кәмелет жасқа толмаған бала қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Естеріңізде болса, 28 маусым күні облыстық және қалалық соттың электронды пошталарына «ғимаратқа бомба қойылған» деген хабарлама келіп түскен болатын.

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АДАСҚАН ТУРИСТЕР ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Алматы облысында тауда туристер жоғалып кетті. Оқиға Ұйғыр ауданына қарасты Сүмбі ауылдық округінде болған. Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Шарын шатқалынан шығып Көлсай көлін бетке алған 3 ер адам жолдан адасып кеткен. Оларды іздестіру үшін құтқарушылар мен ұлттық парк қызметкерлерінен бірнеше топ құрылып, сол маңай 4 сағатқа жуық шолу жасалды. Ақырында адасқан туристер аман-есен табылды. Саяхатшылардың біреуі сапардан дереу бас тартса, қалған екеуі жолын ары қарай жалғастыруға бел буған.