Елімізде бір топ рейдер ұсталды

Олардан 100-ден астам пәтер мен автокөлік, ірі көлемдегі ақша және зергерлік бұйымдар тәркіленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаржылық мониторинг агенттігі бірнеше серіктестікті рейдерлік жолмен басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Алдын ала болжам бойынша зардап шегушіге келтірілген шығын көлемі – 18 млрд тг. Биыл 14 шілдеде Бабаев, Танашев, Әбижанов және Алтыбасаровқа қатысты сот бұлтартпау шарасы – қамауға алуды санкциялады. Қоспаев, Шалин және Имашевқа халықаралық іздеу жарияланды. Сот санкциясымен жоғарыда аталған азаматтардың 9 миллионға жуық АҚШ доллары болатын қаражаты, брендтік зергерлік бұйымдары: сақиналар, сырғалар, гауһар тасты алқалар табылды.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

– Сонымен қатар күдіктілер мен оларға қатысты тұлғалардың 154 жылжымайтын мүлік объектісі тәркіленді. Олар: тұрғын үй кешендерінде 102 пәтер, 6 жеке үй, 28 тұрғын емес үй, 11 жер учаскесі, 1 сауда нысаны, 2 гараж, 4 көлік тұрағы. Rolls Royce, Mercedes-Benz, BMW, Tesla, Toyota, Land Rover, Lexus, Subaru, Hyundai сияқты 19 премиум маркалы көлік тәркіленді. Барлық көлік 2018-2022 жылдар аралығында шығарылған. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.