Қостанайда өрт орнынан бір адамның мәйіті табылды

Қостанайда қару-жарақ дүкенінен шыққан өрт бой бермей, бірнеше нысан мен жеке үйлер жанып кетті. Ірі өрт ошақтары өшірілігенмен, кей жерлер әлі бықсып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төтенше жағдай қызметі мамандарының айтуынша, от қайта тұтанатындай қауіп жоқ. Толық тоқтаған.

Естеріңізге салайық, бүгін түс әлетінде қару-жарақ дүкенінің төбесі жанып, одан қасындағы асхана, техникалық қызмет көрсету орталығыда отқа оранды. Ресми ақпаратта оған қоса 8 жер үйдің жанғандығы айтылған. Қазіргі кезде өртенген қару жарақ дүкенінің қабырғаларын бұзып, үйінділерін аршу жұмыстары жүріп жатыр. Жертөледе екі адамның қалғандығы мәлім болды. Кейін үйінді астынан бір адамның мәйіті табылған. Оның кім екендігі анықталып жатыр. Екіншісін іздестіру жұмыстары әлі жалғасуда. Осы өрттен барлығы сегіз адам түрлі жарақат алған. Қатты күйік алған қару-жарақ дүкенінің иесі ауыр халде ауруханада жатыр.