ШҚО-да өрт бой берер емес

Ел шығысында қыркүйек айы қып-қызыл жалынмен басталды. Төрт ауданда жалпы  2500 гектардан астам алқап  өртке оранды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мынау Өскеменнің іргесіндегі Глубокое ауданы Каменный Карьер ауылы. 60 гектар жер тілсіз жаудың тырнағына ілікті.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Біз қазір Каменный карер ауылында таудың үстінгі жағына қарай тұрмыз. Ең бір өршіп тұрға жер екен.Тіпті жалынның ыстығы маған да сезіліп тұр.Әрі көк түтін өте қауіпті сондықтан бізге  тезірек кетіңіздер деп жатыр.Қазір құтқарушылар қауырт жұмыс істеп жатыр,осы өрттің жолдың екінші жағына шығып кетпес үшін.

Каменный Карьер тау ортасында тұр. Етегі толған жер үйлер. Сондықтан кейбір тұрғындар өрт тұтана салысымен әбігерге түсіпті.

Валентина Семенова, ауыл тұрғыны:

- Мен өрт шыққанын таңғы төрт шамасында байқадым.Бірден құтқарушыларға хабарласып ем олар ендігі жұмыс істеп жатырмыз деді.Одан соң көршім қоңырау шалып құжаттарды алып, қауіпсіз жерге кетейік деп кеңес берді.Енді міне автобу ішінде күтіп отырмын.

Бұл жерде полициядан бастап барлық күш құрылымдары жүр. Тілсіз жауды сөндіруге  50 техника 500ден астам адам жұмылдырылды. Тіпті Ұлттық Ұланның 200ден астам сарбазы да осында қолғабыс етіп жатыр.

Мерей Исахов, 55/18 Әскери бөлімі рота командирінің орынбасары:

- Оңтүстік бағыттағы екі таудың арасындағы оттың жолын кестік, келесі мақсат сол жағымыздағы таудың арт жағындағы отты сөндіру. Осы өрт сөндірілгенше біздің әскери құрам өрт сөніп біткенше өзіміздің іс әрекетімізді жасаймыз.

Аптап ыстық, әрі таулы аймақ өрт сөндіру шарасына кедергі келтіріп тұр.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Бұл жерде қазір жалындаған от жоқ болғанмен қауіп жоғары өйткені жел екпіні күшті,өшірілген өрт ошағын қайта көтеріп кетіп тұр. Сондықтан құтқарушылар бұл жерде әлі ұзақ жұмыс істейтін болады. Оның үстіне маңайды көк түтін басып кеткен.

Әзірге Каменный Карьердегі тілсіз жауды өшіруге  әуе кемесі қолданылған жоқ. Өйткені тікұшақтар бұдан бес есе үлкен алқаптағы жалынды сөндіріп жатыр.

Жадыра Аманғалиқызы, облыстық ТЖД басқармасының бас маманы:

- Дәл қазіргі уақытта  Күршім ауданындағы Марқакөл орманшылында өрт болып жатыр. Ормандағы өртті сөндіру тіпті қин болғандықтан тікұшақтың барлығы сол жаққа жұмылдырылған,бұл жерде арнайы техника және адамның күшімен өрт сөндіріліп жатыр.

Расымен де шалғай аудандарда  жағдай қиын. Қатонқарағайда  500 гектар алаңда құрғақ шөп пен бұта жанып жатыр. Алтай ауданында да жағдай соған ұқсас. Ол жақта өрт аумағы 700 гектарға жетті. Күршім ауданы да жалынмен күресуде. Онда Марқакөл орман шаруашылығы, Төсқайың ауылдық округі аумағында шөп пен бұта ағашқа өрт тиді. Ең жақын ауылға қауіп жоқ деп отыр мамандар. Жер бедерінің қиындығынан МИ-2 тікұшақтары мен Еурокоптер қолданылуда. Марқакөлде жалпы  1300- гектардан астам жер  өртенуде. Негізінен өңірде қызыл жалынның өршуіне ыстық ауа райы ықпал етіп тұр. Кешеден бері сынап бағанасы 35-37 градусқа дейін көтерілді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов