Ақтөбеде жол апатынан екі адам көз жұмды

Ақтөбеде жол апатынан екі адам көз жұмды

Ақтөбе – Атырау жолында екі көлік соқтығысып, екі адам қаза тапты.

Ақтөбе – Атырау тасжолының Алға ауданы Тамды ауылы маңында «УАЗ-патриот» автокөлігінің жүргізушісі қарсы келе жатқан көліктерге кедергі келтірмейтініне көз жеткізбей басып озып, «Lada-Largus» көлігімен соқтығысқан. Жолдың бұл бөлігінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр және ол туралы белгілер мен қоршаулар орнатылған.

«Апат салдарынан «Lada-Largus» автокөлігінің екі жолаушысы алған жарақаттарынан қайтыс болды. Ақтөбе облысының Полиция департаменті барлық жүргізушіні жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және оларды болдырмауға бағытталған жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауға шақырады», – деді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, биыл өңірде 374 жол-көлік оқиғасы тіркелді.