Петропавлда жалған гранттар рәсімдеген маман ұсталды

Петропавл қалалық әкімдігіне қарасты Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Мемлекеттік қызметкер «Еңбек 2017-2021» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бизнес-идея авторларына арналған гранттарды жалған рәсімдеп отырған. Заң бұзушылықты қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департамент қызметкерлері анықтады. Тергеу барысында бағдарламаға қатысушылар бөлінген қаражатты алмағандығы белгілі болды. Ал ол ақшаны қылмыс жасағандар өз қажеттеріне пайдаланған.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Мемлекетке келтірілген залал сомасы алдағы уақытта белгіленеді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тіркеу тіркелді. Петропавл қаласының соты күдіктіге қатысты екі айға дейінгі мерзімге «үйқамақ» бұлтартпау шарасын қолданды. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.