Атырауда көлік аударылып, бес жолаушы ауруханаға жеткізілді

Атырауда көлік аударылып, бес жолаушы ауруханаға жеткізілді

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бүгін, 24 қазанда сағат 17:15 шамасында болған.

«Атырау қаласындағы «Жұлдыз-3» шағын ауданының тұсында Toyota Hilux автокөлігінің 23 жастағы жүргізушісінің көлікті дұрыс басқара алмауының салдарынан Атырау қаласына бара жатқан Toyota Ipsum автокөлігі жол жиегіне аударылған. Бұл көліктің рөлінде 20 жастағы жүргізуші болған. Toyota Ipsum автокөлігіндегі 5 жолаушы әртүрлі дене жарақатын алды. Зардап шеккен жолаушының бәрі облыстық ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлері аталған жол-көлік оқиғасына байланысты тиісті іс-құжаттарды жинақтап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Атырау облысында жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті, 21 қазаннан бері күн сайын тіркелген. Осыған байланысты патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жүргізушілерге жолда жүру ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертіп отыр.