Қазақстан азаматтарын 18 млрд теңге шығынға батырған халықаралық алаяқтар тобы ұсталды

Шетелде отырып, Қазақстан азаматтарын 18 млрд теңге шығынға батырған халықаралық алаяқтар тобы ұсталды. Қазір олардың елдегі сыбайластары іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді. Аталған топтың Украина мемлекетінде арнайы  зертханасы болған. Онда Қазақстан азаматтарының аты-жөні, ұялы телефон нөмірлері бар деректер қоры сақталған . Алаяқтар тобында 41 оператор 3 ауысымда тұрақты түрде жұмыс істеп, отандастарымызға қоңырау шалып отырған. Мұнан соң сенімге кіріп, түрлі құйтырқы әрекеттер арқылы аңғал тұрғындардың жиған-тергендерін өз есептеріне аударып отырған. Осылайша қылмыстық топ соңғы 5-6 жыл бойы қомақты пайдаға кеңелген. Қазақстан мен Украина күштік құрылымдары бірігіп аталған зертханадан  ірі көлемде құрал жабдықтар мен ұялы телефондарды тәркіледі.  Атап өткен жөн, елде жасалатын қылмыстың 30 проценті дәл осы интернет алаяқтыққа жатады. Қарағанды облысында жыл басынан бері 1500-ге жуық адам интернет-алаяқтықтың құрбаны болған.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Әрине счеттарын берген, жалған счет аударып, соларға берген Қазақстан азаматтары бар. Осының алдында да 5 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталған осы себеппен. Зардап шеккен өте көп, өйткені 18 млрд.теңге зардап келіп отыр. Өйткені анықталған, анықталмаған азаматтар бар.