Ақтөбелік бүлдіршіннің денесі табылды

4 жасар бөбек кісі қолынан қаза тапқан. Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылы дүниеге келген Данил Ахунов үйінің алдынан жоғалып кетті.

Тәртіп сақшыларынан көмек сұраған әкесі бүлдіршінді есік алдына санаулы минутқа қалдырып кеткенін айтқан. Кейін оралғанда орын сипап қалыпты. Құқық қорғаушылар мен Ұлан жасағы сарбаздары және жергілікті волонтерлер екі тәуліктен астам іздеп жүргізді. Еріктілер Данилды: "Үшемнің бірі", - дейді. Дүние есігін бірге ашқан қарындасы мен інісі бар. Балалар әкесі мен әжесінің қолында тұратындығын, шешесі болса, ата-ана құқығынан айырылғандығын да волонтерлер айтып отыр. 

Ғалым Байжанов, Ақтөбе облыстық ПД бастығының орынбасары:

- Іздеу шараларының нәтижесінде жоғалған баланың зорлықпен өлім белгілері бар мәйіті табылды. Осы қылмысты жасады деген күдікті ұсталып, қамауға алынды. Осы дерек бойынша ҚР ҚК 99-бабының, 3-бөлігі "жас баланы өлтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.