Қазақстаннан барған балалар Қырғызстандағы сел салдарынан қаза тапты

Қырғызстандағы сел салдарынан екі қазақстандық бала көз жұмды.

Тағы екеуі із-түзсіз жоғалып кеткен. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Қаза тапқандардың туыстарына барлық қажетті көмек жасалады. Қазір қазақстандық дипломаттар жергілікті билік өкілдерімен тығыз байланыста. Қайғылы оқиға ведомство басшысы Мұрат Нұртілеудің назарында. Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі Ош қаласына қаза тапқандардың денелерін тасымалдау үшін әуе кемесін жіберу мәселесін пысықтап жатыр.

Еске сала кетейік, Ош облысындағы Ноокат ауданында нөсер салдарынан сел жүрген еді. Қырғыз құтқарушылары Абшыр-Ата демалыс аймағынан 180 адамды эвакуациялады. Сол жерге барар жолды су шайып кетті. Билік Төтенше жағдай режимін енгізді. Бұған дейін табиғи апат 7 адамның өмірін қиды деген ақпарат тараған. Қазір оқиға орнында 100-ден астам құтқарушы жүр.