Елімізде соңғы он жылда 2 мыңнан аса адам суға батып кеткен

Елде соңғы 10 жылда 2 мыңнан аса адам суға батып, қайтыс болған, деп хабарлайды 24kz.

Оның мыңға жуығы бала. Соған қармастан, шомылу маусымы кезінде құтқарушылардың ескертуін елемейтіндер азаймай тұр. Мәселен Астананың өзінде биыл 3 адам суға батып кеткен. Тағы 100 шақты адамға хаттама толтырылып, 1 миллионнан астам айыппұл салынған.

Мерей Қанапия, тілші:

- Елде шомылу маусымы басталғалы 70 адам суға кеткен. Оның 30-ы бала. «Осындай қайғылы жайттардың басым бөлігі ата-аналардың жауапсыздығынан болады», - дейді мамандар. Ал ересектер суға мас күйінде көп түскендіктен арты өліммен аяқталатын көрінеді.

Байқаған шығарсыз, суға батқан адамның сөйлеуге де, айқайлап көмек сұрауға да шамасы болмайды. «Ондай сәтте жағада қалғандар серіктесін толық бақылап отыру керек», - дейді мамандар. Себебі қайғылы оқиғалардың көпшілігі осындай немқұрайлық пен жауапсыздықтан болады.

Азамат Алпамысұлы, Астана қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:

- Көбі қарсылық танытады. «Мен осы жерде бұрыннан суға түсем ғой, сендер қайда жүрдіңдер?» деген сөздер айтады. Неге басқа жерде өткізбейсіңдер деген сияқты. Біз өзіміздің тарапымыздан шомылу маусымы кезінде судағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндетіміз. Қазір жедел құтқару жасағының өзінде 40 сүңгуір құтқарушы бар. Оның ішінде 8 қайық бар.

Артынша сол моторлы қайықтардың біріне отырып, төтеншеліктермен рейдке шықтық. Ә дегеннен-ақ тыйым салынған орындарда шомылып жүргендер анықталды.

Мерей Қанапия, тілші:

- Астанада суға түсуге рұқсат етілмеген 21 орын бар. Соның бірі осы Ақбұлақ деп аталады. Бірақ жағалауды көріп тұрған шығарсыздар адамға лық толы.

Жағалауға жақындағанымыз сол еді, көпшілігі қаша жөнелді. Басым бөлігі ата-анасының қарауынсыз жүрген балалар. Ал қарсыласып үйренгендер құтқарушылардың айыппұл сала алмайтынын біліп, боқтай жөнелді.

Аманжол Жұмабай, қала тұрғыны:

- Жаңа мынадай кішкентай бала келді. Қазір біз кетеміз, олар қайта келеді осы жерге. Келеді иә. 3 жасар бала келді жаңа. Анасыз жүр. Өздері жуындырып, өздері тұншықтырып, ойнап жүр. Мынау жерде отырған 2 бала. Жаңа қашып кетті.

Тыйым салынған орындарда бала түгілі үлкендер де шомылып жүр.

Азамат Алпамысұлы, Астана қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:

- Рұқсат етілмеген жерлерде ешқандай жағдай қарастырылмаған. Судың түбінде не болып жатқанын ешкім білмейді. Темір шығып тұр ма, бетон бар ма 60-қа жуық баланы ұстаған болатынбыз. Оның ішінде 40 баланы полиция департаментіне апарып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Оның ішінде 14 хаттама толтырылған болатын.

Жауапсыз ата-аналарға қанша жерден айыппұл салынғанымен, мәселе оңалмай тұр. Рейд кезінде бірнеше рет ұсталған балалар мен азаматтар да болған. Соған қарамастан құтқарушылар тексерісті күн сайын күшейтіп жатыр. Нәтижесінде жыл басынан бері елде 130-дан астам адам құтқарылған. Соның 3-еуі астаналық.

Авторлары: Мерей Қанапия, Мадияр Қындыбаев