Іле Алатауында төтенше жағдай жарияланды
Сел қаупі бойынша Іле Алатауы аумағында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды 24kz.
Қазір «Қазселденқорғау» мекемесінің жедел топтары үш бірдей мореналық көлдің деңгейін төмендету бойынша жұмыс істеп жатыр. Оның екеуі Түрген өзенінің, тағы біреуі Талғар өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан. Әуеден бақылау мониторингі мұздықтарда жарық пайда болғанын анықтады.
Мамандардың айтуынша, соның кесірінен мұз опырылып, соңы сел тасқынына әкелуі мүмкін. Көл деңгейін төмендету шараларына қолайсыз ауа райы кедергі келтіріп отыр. Соңғы күндері тау басында күнде жауын. «Қазселденқорғау» ММ бөлім басшысы Бауыржан Әбішевтің айтуынша, жағдай бақылауда. Туристердің қауіпсіздігі үшін Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің Түрген шатқалына жіберетін экологиялық бекетіне шектеу қойылды.
Бауыржан Әбішев, «Қазселденқорғау» ММ бөлім басшысы:
- Түрген өзені бассейніндегі көлдердің Түрген өзені бассейнінде сел ұстайтын қорғаныш қазіргі таңда жоқ деп айтуға болады. Ал, мына Талғар өзені бассейнінде арнайы 12 млн куб ұстайтын сел ұстағыш бөгеті салынған. Сонымен қатар Алматы қаласында да барлық сел қауіпті бассейндерде осындай сел қорғаныш ғимараттармен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда сел қаупі кезеңінде Төтенше жағдай министрлігі және «Қазселденқорғау» мекемесінің арнайы жедел штаб құрылды.
Айта кетейік, елімізде Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылды. Жаңа ведомство орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға қатысты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алумен және оны бақылаумен айналысады.