Майқайыңдағы апат: жүргізушінің мәйіті 7 айдан кейін табылды
«Майқайыңалтын» аумағындағы апат кезінде жоғалған төртінші құтқарушының мәйіті табылды, деп хабарлайды 24kz.
Марқұмның денесі сараптама жүргізу үшін жедел-тергеу тобына берілді. Мұны Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. Марқұм Айып Тілеубергенов – ескі шахта шұңқырына құлап кеткен автобустың жүргізушісі. Оның денесі 75 метр тереңдіктен шығарылды. Бүгін сондай-ақ, араға 7 ай салып, құтқарушылардың автобусы табылғанын хабарлаған едік. Іздестіру жұмыстарына әртүрлі мамандар мен сарапшылар, тау-кен ісінің ардагерлері, кинологтар, арнайы техника мен дрондар тартылды, өңірдің барлық авариялық-құтқару қызметі жұмылдырылды.
Олег Трещёв, Павлодар облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Топырақ пен тастардың құлау қаупіне қарамастан, іздеу жұмыстары жүргізілді. Оған апаттық-құтқару, «Майқайыңалтын» кәсіпорны мен төтенше жағдайлар қызметкерлері жұмылдырылды. Бүгін жоғалған соңғы құтқарушының мәйітін таптық.