Алматыда пластикалық операция жасатқан әйел көз жұмды

Елде косметология, соның ішінде эстетикалық хирургия нарығы жыл санап дамып барады, деп хабарлайды 24KZ.

Пластикалық отаның алуан түрі бар. Алайда мұндай хирургиялық операциялардың бәрі бірдей сәтті аяқталуы екіталай. Мәселен, жыл басынан бері қазақстандықтар тарапынан медициналық қызмет сапасына қатысты 6 мыңнан астам шағым түскен. Соның 34-і косметологиялық қызметке қатысты.

Алматыда осыдан бірнеше күн бұрын артық салмақтан арыламын деп ота жасатқан 47 жастағы әйел көз жұмды. Аяқасты өмірден озған марқұмның сіңлісі оның өмірге құштар жан болғанын айтады. Сөзінше, әпкесінің денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған.

Динара Батырханова, марқұмның сіңлісі:

- Кеше біз Instagram, жаңағы желілерден оқып жатырмыз, спортпен айналысса, тамағын тыйдырса, анау-мынау болар еді ғой деп. Бірақ ол кісі – спортпен де айналысқан, белсенді өмір, салауатты өмір салтын ұстанған кісі. Қанша жерден диета да ұстады. Бірақ артық салмақтан айырылмағаннан кейін осындай жағдайға келді. Артық салмақ болғаннан кейін аяғы ісініп кеткен. Ол бір сұлулық, керемет бір нәрсе, сұлулық қуып, пиар жасайын деп жүрген адам емес.

Марқұмның туыстары ота жасаған дәрігерлердің жұмыстарына салғырт қарағанына сенімді. «Тіпті келісімшартта пациенттің өміріне қауіп төнуі мүмкін екені де ескертілмеген не көрсетілмеген», – дейді.

Динара Батырханова, марқұмның сіңлісі:

- Келісімшартта аты-жөні, адресі, анализдері жөнінде, ақша жөнінде бәрі жазылған. Ал былай кәдімгі қарапайым келісімшарт дейді ғой. Егер де бір сол пунктте «өміріне нұсқан келеді, сондай жағдайда біз осындай, осылай істейміз, осындай кезде сіздердің қарсылықтарыңыз болмаса, осындай нәрсе болуы мүмкін, бұл – өте ауыр операция» деп жазылса, біз онда оны оқып, түртіп алар едік.

Құралайға ота жасаған хирург болған жағдайға қатысты қандай да бір пікір білдіруден бас тартты. Алайда клиниканың әлеуметтік желідегі парақшасында ол өз атынан жазба жариялапты. Ол жерде хирург тергеу жүріп жатқандықтан, оқиғаға қатысты ештеңе айта алмайтындығын мәлімдеген.

Алдын ала болжам бойынша өлім себебі – миокард инфарктісі. Алайда марқұмның туыстары бұл болжаммен келіспейді. Полицияға шағым түсірді.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:

- Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Адам өлімінің себебін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сараптамалық зерттеулер мен тергеу әрекеттері нәтижесінде қылмыстық іс аясында процессуалдық шешім қабылданатын болады.

Кейінгі кезде косметологиялық қызметтердің сапасына қатысты елде шағым көбейген. Жыл басынан бері құзырлы органдарға 34 арыз түсіпті.

Райқұл Спандияр, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық комитеті басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Бұл жерде жәбірленуші тарап бірден полицияға арыз жазып отыр. Өз кезегінде полиция тергеу шаралары немесе сот сараптамасы аясында біздің мамандарды сол мекемені тексеруге тарта алады. Біздің базада тіркелуі үшін жәбірленушілер комитетке немесе аумақтық департаментке шағым түсіруі керек. Содан кейін 20 жұмыс күні ішінде тексеру жұмыстарын жүргізе аламыз.

Медициналық, косметологиялық қызмет көрсететін мекемелердің арнайы лицензия алатыны белгілі. Дегенмен мамандардың айтуынша, ешбір құжат адам денсаулығына толық кепілдік бере алмайды. «Сондықтан мемлекеттік органдар тарапынан бақылауды күшейту керек», – дейді олар.

Арман Исенов, заңгер:

- Көбінесе клиенттер мен олардың құқығын қорғайтын заңгерлер сапасыз қызмет көрсеткен ұйымға тексеру жүргізуге шағым түсіргенде тиісті іс-шаралардың бірден қолға алынбайтынын айтып жатады. Осы орайда жекеменшік ұйымдарды тексеру тәртібін өзгерту керек  деп ойлаймын. Мүмкін жоспарлы тексеріс жұмыстарын да жиі өткізу керек болар.

Құралайдың артында жан жары, 3 баласы қалды. Туыстары сот-медициналық сараптама қорытындысын күтіп отыр.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Қали Несіпбаев.