Алты айда 1000-ға жуық адам жол апатынан қаза тапты

Елдегі республикалық жолдардың 3%-і ғана қауіпсіздік талаптарына сай. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында осылай деп мәлімдеді. Құзырлы ведомство басшысы осы ретте халықаралық тәжірибені сөзіне қосып, мынадай дәйек келтірді, деп хабарлайды 24kz.

Оның айтуынша, инфрақұрылмының дұрыс тартылмауы апаттық жағдайларға жиі әкеп соқтыруда. «Ал, олқылығы бар жолдар жөнделсе, адам шығыны бірнеше есе азаяды», дейді.

Айнұр Қуат, тілші:

- Жолдағы қауіпсіздік мәселесі өзекті болып тұр. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың айтуынша, қала сыртындағы жолдардың қауіпсіздігі мәз емес. Ауыр жол апаттары да осы күре жолда көп. Жалпы жол апаттарының саны азаймай отыр. Жыл сайын елімізде жол апатынан 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 19 мың адам жарақат алады екен. Биылғы 6 айдың өзінде мыңға жуық адам қара жолдың үстінде қаза тапқан. Көпшілігі жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған. Бұған қоса, министр шұғыл түрде 4 және одан да көп жолағы бар 6 мың шақырымнан астам жол салу қажет екенін атап өтті.

Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Қала сыртындағы жолдар үлкен қауіп төндіруде. Олардың қазіргі жағдайы ауыр апаттарға әкеп соғуда. Бұл жүйелі проблема. Оны жол қауіпсіздігі аудиті кезінде анықтадық. Биыл әкімдер мен жол жөндеуге жауапты мекемелерге 24 мыңнан астам нұсқама жолданды. 3,5 мың лауазымды тұлға жазаланды. Міндеттерін орындамағаны үшін жыл сайын 15-ке жуық қылмыстық іс тергеледі. Сонда да апаттар саны азаймай тұр.

Ал, Үкімет басшысы жолдардағы бақылауды күшейту қажеттігін тапсырды. Ол үшін цифрлық шешімдерді енгізу және жазаларды қатаңдату керектігін айтты. Бүгінде еліміздің қалаларында жол ережелерін бұзу фактілерін тіркейтін 24 мыңнан астам автоматты камера орнатылған. Енді бұндай жүйелерді жолаушылар автобусы мен жедел жәрдем көліктерінде орнату мәселелері пысықталып жатыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Жыл басынан бері 6 млн-ға жуық жол ережесін бұзудың жолы кесілді. 12 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталды. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай тәртіп бұзатындарға өте қатаң шаралар қолданылуы қажет. Сондықтан осындай құқықбұзушылықтардың алдын алу тәсілдерін қайтадан қарау қажет деп санаймын. Біздің басты міндетіміз – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, авариялар мен өлім-жітімді азайту. Ол үшін жүйелі іс-шараларды әзірлеу керек.

Сондай-ақ жылдамдықты асырып, көзсіз жүйіткитін жүргізушілерге жаза күшейтілмек. Тиісті заң жобасы Сенатқа енгізілді. Мас күйінде автокөлікті куәліксіз басқарса, 7 жылға дейін куәлік алуға тыйым салынады. Мопед тізгіндеушілерге де ескерту көп. Мопедтердің қатысуымен 27 адам қаза болған. Бұл көлік құралын тізгіндейтіндерге қатысты арнайы заң дайындалып парламенттің қарауында жатыр.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Марат Диханбаев