Атырау облысында балық қырылды

Атырау облысындағы «Теңіз-Новороссийск» мұнай құбырының 64 және 72-ші шақырымында балық қырылды.

Кәугерлер осылай деп тиісті инспекцияға хабарласқан. Аймақтық Экология департаменті зертханалық зерттеулер үшін судың сынамасын алды. Осылайша, мамандар балықтың қырылу себебін суда оттегінің жетіспеушілігімен байланыстырып отыр. Қазіргі таңда жиналған мөңке балығы шабақтарының жалпы салмағы 127 келіге жуықтайды.

Артур Сәдібекұлы, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

-Комиссияның қарауы барысында, алдын ала болжам бойынша, судың деңгейі төмен түсіп кетуіне байланысты оттегі жетіспеуі деп болжап отырмыз. Енді атап өтетін болсақ, мына Сарыөзек каналына негізі балық кірмейді. Бұл өткендегі көктемдегі төтенше жағдай кезінде Жайық өзенінің суы тасып, осы Сарыөзекке балық шабақтары кіріп, сонда қалып қойған. Осы балықтарды құтқарып, өлгендерін жинап, санитарлық талаптарға сай жойылатын болады.