Шымкентте базар маңындағы өрт сөндірілді
Шымкенттегі Орталық базар маңындағы өрт толық сөндірілді.
Жалпы ауданы 500 шаршы метр болатын 8 сауда орны және 1 асхана жанып кетті. Апат салдарынан әмбебап базардың барлық саудагерін қауіпсіз жерге шығаруға тура келді. Темірлан тас жолы жабылып, жедел штаб құрылды. Тілсіз жаудан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің 76 өрт сөндірушісі мен 26 техникасы жұмылдырылды. Сондай-ақ құқық қорғау қызметкерлері мен апаттар медициналық орталығының өкілдері де тартылды. Алдын ала болжам бойынша өрттің шығуына электр желілерінің тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Жалпы материалдық залал көлемі тергеу барысында белгілі болады. Қалалық ТЖД бастығының орынбасары Еркін Отарғалымұлының айтуынша, биыл қала аумағында орналасқан 2 әмбебап және 1 мамандандырылған базарда өрт оқиғасы тіркелген.
Еркін Отарғалымұлы, қалалық ТЖД бастығының орынбасары:
- Өрттің өршуі мен үлкен аумаққа таралуының бірден бір себебі қатты жел. Сонымен қатар жапсарлас салынған құрылыс және ішіндегі киім-кешектер. Осы 1 сағатқа жуық уақытта өрт толығымен оқшауланып, жойылды.