Шымкентте жалған ақша мен есірткі сатпақ болғандар ұсталды
Шымкенттің екі тұрғыны жалған купюралар мен есірткі заттарын сатуға тырысқан, деп хабарлайды 24kz.
Осы факт бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу жүргізді. Арнайы операция кезінде мекеме қызметкерлері бақылауымен олардан қара-жасыл түсті өсімдік тектес зат сатып алынған. Сарапшылар оның салмағы 5 кг болатын «гашиш» есірткі заты екенін растады. Күдікті мұнысымен қоймай ірі көлемде жалған ақша сатып жүрген. Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері оны кезекті қылмысының үстінде ұстады. Және одан жалған 10 мың АҚШ доллары тәркіленді. Оның сыбайласынан да осындай айғақ заттар алынды.
Әлібек Әбділов, ҚР ҚМА ресми өкілі:
- Сондай-ақ жедел іздестіру шараларын өткізу барысында оның сыбайласы анықталды, одан 13 100 жалған АҚШ доллары табылып, тәркіленді. Ал оның тұрғылықты жерін тінту барысында салмағы шамамен 1 кг гашиш табылып, тәркіленді. Сот үкімімен аталған адамдар кінәлі деп танылды, оларға 11 жылға және 5,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.