Атырауда есепшілер үш мектептен 80 млн теңге жымқырған

Атырауда мектеп есепшілері 80 миллион теңге мемлекет қаражатын өз пайдаларына жұмсаған.

3 мектептің бухгалтерлері 2 жыл бойы жалған құжат жасау арқылы қомақты соманы өздеріне және туысқандарының жеке есеп-шоттарына аударып келген. Келеңсіз жағдайды қалалық прокуртураның қызметкерлері анықтады. Мемлекеттік мектептерді тексеру барысында мектеп есепшілері 2022 жылдан бері заңға қайшы әрекеттерді жүзеге асырып келгені белгілі болды. Енді есепшілермен бірге қылмысқа жол берген мектеп директорлары да тәртіптік жауапкершілікке тартылады. 

Мәди Жұмабаев, қалалық прокуратураның бөлім басшысы:

- Аталған фактілер бойынша ҚК 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағымен қылмыстық іс қозғалды. Атырау қалалық нөмірі 2-сотының үкімімен аталған есепшілер 6 жылға бас бостандығынан айыру және 3 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салу түрінде жаза тағайындалды. Сонымен қатар ҚК 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес аталған үкімдерді орындау 5 жыл мерзімге кейінге қалдырылды. Себебі аталған есепшілердің кәмелетке толмаған балалары болуына байланысты.