Биыл 200-ден астам бала терезеден құлап кетті
Жыл сайын Қазақстанда 200 мыңға жуық бала жарақат алады.
Оның ішінде 1,2% өмір бойына мүгедек болып қалып жатыр. Мұндай жаға ұстатарлық статистиканы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі айтты. Соңғы жылдары балалардың терезеден құлау деректері де жиілеп кеткен.
Оралда 2 жасар бала тұрғын үйдің екінші қабатынан құлап кетті. Салдарынан бас жарақатын алған. Орташа ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Қазір ол дәрігерлердің жіті бақылауында.
Айбек Ахатов, балалар нейрохирург-дәрігері:
- Қыздың шүйде сүйегінің сынығы анықталды. Бүгінгі таңда қыздың жағдайы орташа ауырлықта. Ота жасау керек емес. Консервативті ем алып жатыр.
Биыл жарты жылда ел бойынша 223 бөбек терезеден құлап кеткен. Оның 12-сі көз жұмды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметіне сай жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің терезесіне қауіпсіздік қондырғысын орнату міндеттелді. Ал өзге көпқабатты баспана тұрғындарына мұндай талап әлі қойылмады.
Қызғалдақ Медетова, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің басқарма басшысы:
- Көппәтерлі тұрғын үйлердің басқарма органдарына профилактикалық іс жүргіземіз, бірақ міндетті түрде сіз мынандай конструкция қоясыз деген ондай міндеттемелер әлі жоқ. Тек қана құрылысы салынып жатқан үйлерге міндеттемелеріміз бар. Ал балабақша, оқу орындарында, денсаулық сақтау нысандарында стандарт енгізілген.
Балалар жарақатының жиілеуіне көлік апаты мен термиялық күйік те себеп болып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі жазатайым жайттардың алдын алу бойынша Жол картасын әзірлеу бастамасын көтерді.
Мағрипа Ембергенова, ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры:
- Былтыр түрлі оқыс оқиғалар салдарынан 1093 бала көз жұмды. Тағы мың бала ауыр жарақат алды. Жарақат деректерінің 70% үй жағдайында болады. Балалар жарақатының алдын алу жөніндегі Жол картасын әзірлеу үшін халықаралық ұйымдардың қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасына сүйенсек, жарақат алған балалардың көбі – қараусыз қалғандар. «Сондықтан ең алдымен әр ата-ананың жауапкершілігі маңызды», – дейді мамандар.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов.